Қазақстанда саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу көзделіп отыр. Бүгін Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасын таныстыру барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілік қаралатын адамдарды басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу ұсынылады», - деді М. Дәуешев.

Бұдан бұлек ол жекелеген саяси лауазымдарға Президенттің шешімі бойынша біліктілік талаптарын белгілеу ұсынылып отырғандығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта саяси лауазымдарға біліктілік талаптар қарастырылмаған. Осыған байланысты жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адам лауазымға орналасуы мүмкін. Бұл түзетулер Президент Әкімшілігінің 2019 жылғы 13 қазандағы тапсырмасын орындау үшін әзірленді», - деп нықтылады агенттік өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілісте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тыныстырылды.

Құжат аясында мемлекеттік қызметшілерге арналған конкурстық рәсімдер 14 күнге қысқарту ескерілген.