Қазақстанда сайлау ашық және бәсекелестік негізде өткізілді - Омер Кожаман

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау науқаны ашық және бәсекелестік негізде өткізілді. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі мен әр түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысты өткен баспасөз мәслихаты барысында халықаралық бақылаушы, Түрік Кеңесі Бас хатшысының орынбасары, Түркия елінің азаматы Омер Кожаман мәлім етті.

«Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің бақылаушылар миссиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және сайлауға халықаралық бақылау жүргізу нормаларына сай жүргізді.

Біздің бақылаушылар сайлау науқанына бақылауды Алматы мен Қызылорда қалаларында 17 наурызда бастады. Саяси партиялар мен аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерімен кездесті. Олар бақылаушыларға заң бұзушылық әрекеттер туралы хабарлаған жоқ», - деді О. Кожаман.

Сонымен қатар, ол дауыс беру рәсімінің ашық түрде ұлттық және халықаралық байқаушылардың қатысуымен жүргізілгендігін атап өтті.

«Біздің байқаушылар барлығы 61 сайлау учаскесінде бақылады. Олардың ішінде 34-і Алматыда, ал 27-сі Қызылорда қаласында орналасқан. Сондай-ақ, мисия екі сайлау учаскесінде дауыстарды санау шарасына қатысты. Азаматтар сайлауға белсенді түрде қатысты. Сайлаудың барлық рәсімдері бақылаушылар үшін қол жетімді болды. Қорыта келе айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау науқаны ашық және бәсекелестік негізде өткізілді», - деді О. Кожаман.