Қазақстанда сайлау жәшіктерінің мөлдірлігі мені қайран қалдырды - венгриялық байқаушы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда сайлау жәшіктерінің мөлдірлігі мені қайран қалдырды. Бұл туралы Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысты өткен баспасөз мәслихаты барысында халықаралық тәуелсіз байқаушы, Венгрия Парламенті төрағасының орынбасары, «Ең жақсы Венгрия үшін» партиясының мүшесі, Қазақстан-Венгрия Парламенттік достық тобының вице-президенті Тамаш Шнейдер мәлім етті.

Оның айтуынша, Венгрияда сайлау науқандары барысында мөлдір жәшіктер қолданылмайды екен.

«Жалпы, Қазақстандағы сайлау науқандары Венгриядағы сайлау науқандарына ұқсас келеді екен. Бірақ, Қазақстанда сайлау жәшіктерінің мөлдірлігі мені қайран қалдырды. Бізде ондай жәшіктер қолданылмады. Бұл біз үшін жақсы үлгі болды. Біздің партия әлеуеті жөнінен Венгриядағы екінші партия болып саналады. Сондықтан, Мемлекеттік жиналыстың, яғни Парламент депутаттарының кезекті отырысында елдегі сайлау науқандарында мөлдір жәшіктерді пайдалану жөнінде бастама көтеретін боламыз. Шынында да мөлдір жәшіктер дауыс берудің әділ өтуіне септігін тигізеді», - деді Т. Шнейдер.

Сонымен қатар, ол Алматыда ұйымдастырылған сайлау науқаны барысында құқық бұзушылық әрекеттерді байқамағандығын жеткізді.

«Біз Алматыда сайлау күні барлығы алты сайлау учаскесінде болып, дауыс беру үдерісіне бақылау жасадық және сайлау учаскесі төрағаларымен сөйлестік. Сайлаушылардың келу деңгейі ойдағыдай дәрежеде болды деуге болады. Құқық бұзушылық әрекеттер тіркелген жоқ», - деді Т. Шнейдер.