Қазақстанда сержанттар академиясын құру жоспарлануда - Қорғаныс министрі

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Жақын жылдары Ұлттық қорғаныс университетінің базасында сержанттар құрамының академиясын құру жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін сержанттардың кеңейтілген құрамының Бүкілармиялық кеңесінде ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.

Онда сержанттарды бірнеше мамандық бойынша даярлау қарастырылатын болады. «Осы орайда, кадеттік корпустың бастығы Сержанттық құраммен жұмыс басқармасымен бірлесе отырып, жаңа оқыту жүйесін құрудың егжейлі-тегжейлі жоспарын құруды тапсырамын. Оқытушылар құрамын өз жұмысының тәжірибелі маманы саналатын сержанттармен күшейту қажет», - деді Ә. Жақсыбеков.

Ведомство мәліметтері бойынша, жыл сайын 500-ге тарта сержант Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты және Кадет корпусында төрт деңгейлі курс даярлығынан өтеді. Кіші сержант құрамының сауаттылығын жетілдіру мақсатында әрбір горнизонда мобильді оқу-жаттығу топтары құрылған. Екі жыл ішінде аталмыш топтардан 6 мыңнан астам сержант өтті.