Қазақстанда шамамен 4000 науқасқа донор ағзасын ауыстырып салу қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Ағзалық донорлық және ерікті қайтарымсыз қан донорлығы» тақырыбында флешмоб түріндегі акция өтті. Шараны ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігінің тапсырысы бойынша «Медициналық қызметкерлердің құқықтарын қорғау» Республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлады қоғамдық бірлсетіктен.

Шараның мақсаты - донорлық қызмет пен ерікті қайтарымсыз қан донорлығының маңыздылығы мен пайдалылығы жөнінде халықты ақпараттандыру. Жиын «Жастар» сарайының алдынан бастау алды. Онда тақырыптық баннерлермен, қызыл шарлармен безендірілген автокөліктер Республика даңғылынан өтіп, қаланы айналып, «Мега» ойын-сауық орталығының автотұрғанына тоқтады. Сол жерде ҚР Қорғаныс министрлігінің ансамблі концерттік бағдарлама қойды. Бишілер мен әншілер өз өнерлері арқылы халықты бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырды. Жиналған қауымға жүрек пішінді шарлар таратылып, донор болудың маңыздылығы жөнінде түсіндірілді. «Қазақстанда шамамен 4000 науқасқа донор ағзасын ауыстырып салу қажет. Олардың көбісі жас, еңбекке қабілетті, отбасы мен қоғамға әлі талай пайдасы тиер азаматтар. Бірақ донорлық ағзалардың жетіспеушілігінен бұл адамдар азапты аурудан айыға алмай, ақыры бақилық болып жатады», делінген хабарламада.