Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік өңірлерде 59 мың гектарға жуық жерге су үнемдеу технологиялары орнатылған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті. 

Оның ішінде 15,5 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйелері, 29,4 мың гектарға тамшылатып суару жүйелері қолданылған, ал 14,1 мың гектар жер лазерлік құрылғымен тегістелген. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, ел бойынша шамамен 158 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген болатын. Оның ішінде оңтүстік өңірлерге тиесілісі — 130 мың гектар шамасында.

– Былтыр министрлігіміз фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуы мен орнатуына кеткен шығынның өтемақысын 30%-ға арттырды. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Су үнемдеу жүйелерін қолданатын шаруалар үшін субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды. Мұндай технологияларды қолдану суармалы суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.

Қазір Қазақстанда жаңбырлатып және тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Олар Түркістан облысында және Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Биыл Түркістан облысында тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын үш зауыт ашу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін биыл оңтүстіктегі диқандарға су былтырғыдан 335 млн текше метрге артық берілгенін жазған едік.