Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елімізде шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары толық аяқталды.
Химиялық өңдеу көлемі 42%-ға қысқарды
Соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметті жаңғырту, заманауи мониторинг технологияларын енгізу және қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру нәтижесінде химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарды. Бұл — 42 пайызға аз.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ.
Биыл химиялық өңдеу жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес 1,8 млн гектар алқапта жүргізілді.
Қорғаныс жұмыстарының жаңа тәсілі енгізілді
Қол жеткізілген нәтижелер зиянкестердің жаппай таралуына ден қоюдан қауіп-қатерді ерте анықтау, ошақтарды жедел оқшаулау және фитосанитариялық тәуекелдердің алдын алуға негізделген басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік берді.
Реформаның негізгі бағыттарының бірі — өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуден бастап химиялық өңдеу жұмыстарына дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай кешенді сатып алу жүйесіне көшу болды.
Бұл қорғаныс шараларының сапасын арттырып, жұмыстардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етті.
Бюджет шығыны 2 млрд теңгеге қысқарды
Жаңартылған тәсілдердің арқасында экономикалық тиімділікке де қол жеткізілді.
2026 жылы шегірткеге қарсы күреске жұмсалған бюджет шығыны 2024 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге немесе 25 пайызға азайды.
FITOCENTRE жүйесі мен дрондар іске қосылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесін әзірлеп, пайдалануға енгізді.
Сонымен қатар материалдық-техникалық база күшейтілді:
- мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарына арналған 103 дрон сатып алынды;
- бүрку техникасының саны 427-ден 556-ға дейін көбейді.
Бұл жұмыстардың жеделдігін едәуір арттырды.
Шекарадағы фитосанитариялық жағдай тұрақты
— Қазіргі уақытта шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты. Шегіртке зиянкестерінің Қазақстан аумағына көшу жағдайлары тіркелген жоқ. Қажетті техника шекаралық өңірлерге шоғырландырылып, қажет болған жағдайда қорғаныс шараларын жедел жүргізуге дайын, — делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.
Осыған дейін ШҚО-да шегірткенің жаппай таралуына тосқауыл қою үшін 18 мың гектар жер өңделгенін жаздық.