Қазақстанда ішектің қабыну ауруына шалдыққандар көбейіп барады

Фото: Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанда крон мен ойық жаралы колит аурулары жасарып келеді. Бұл туралы Алматыда өткен дүниежүзілік ішектің қабыну аурулары IX ұлттық форумда айтылды.

Форумға отандық және Ресей, Бельгия, Израильден 300-ден астам дәрігер қатысты. Атап айтар болсақ, гастроэнтеролог, колопроктолог, терапевт, морфолог, инфекционист, эндоскопист мамандары мен функционалдық диагностика дәрігерлері бас қосты.

Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

Дәрігерлер ұсынған ресми дерекке сүйенер болсақ, Қазақстанда жыл сайын ішектің қабыну ауруларына ( ІҚА) шалдыққандар көбейіп келеді. Егер 2018 жылы елде крон ауруы бар 555 адам және ойық жаралы колитпен 2218 адам тіркелген болса, қазір крон ауруы бар 1631 және ойық жаралы колитпен 7305 науқас тіркелген. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер де бар.

– 2024 жылдың статистикасы бойынша, әр 100 мың адамға шаққанда 5-10-ға жуық ІҚА жағдайы тіркелген, бұл сан артуы мүмкін. Бұл диагностиканың жақсаруына және нақты аурудың өсуіне байланысты. ІҚА жасөспірімдер мен орта жастағыларда жиі диагностикалануы ерекше алаңдаушылық туғызады. Диагнозды қоюдың орташа жасы - 35-40 жас. Тәуекел факторларының арасында урбанизация, стресс, инфекциялар және антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау бар,– делінген Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты таратқан хабарламада.

Сарапшылар атап өткендей, бірқатар өңірде эндоскопиялық диагностика мен пациенттерге психологиялық қолдау жетпейді.

Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Крон ауруы мен ойық жаралы колитпен күрестің жаңа технологиясы енгізілген. Соның арқасында алматылық дәрігерлер жазылмайтын дертті асқындырмай, адамдардың қалыпты өмір сүруіне жол ашты.

Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ

– Біздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында заманауи диагностикалық базамен жабдықталған және білікті мамандардың мультидисциплинарлық тобы жұмыс істейтін еліміздегі алғашқы IҚА, қысқа ішек синдромын емдеу және нутритивтік түзету бойынша мамандандырылған орталық ашылды. Оның негізгі міндеттері: IҚА және ҚІС бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту және ықтимал асқынулардың алдын алу. Орталық білікті көмекке мұқтаж жандарға әрдайым ашық, – дейді емдеу мекемесінің басшысы Марат Пашимов.

Осыған дейін алматылық кардиологтар сирек кездесетін жүрек ауруына операция жасаған болатын.