***
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңір жұртшылығы алдындағы алғашқы есептік кездесуін өткізді. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Өңірді өркенді істер күтіп тұр» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Д.Ахметов алда атқарылатын жұмыстар «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының аясында жүзеге асырылатынын атап өтті. Экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бағыт-бағдар жұмыспен қамтуды жолға қою арқылы нәтижелі. Бұл ретте Елбасы тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте жол құрылысы жүргізіледі. Қазір облыс аумағындағы «Астана-Өскемен» магистралінің 118 шақырымы жөнделді. Биыл осы жолдың 53 шақырымын жөндеу және «Алматы-Өскемен» магистралін жобалауды аяқтау қарастырылып отыр. Оны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай автокөлік тасымалын 1,5 есеге арттыру және 2 мың жұмыс орнын құру көзделген. «Облыс әкімі тұрғын үй құрылысын жандандыруға ағымдағы жылы ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Биыл жалпы алаңы 367 мың шаршы метрді құрайтын 1 468 үй салынады. 31,7 млрд. теңгені қамтитын құрылыс барысында 39 көппәтерлі тұрғын үй бой көтереді. Жыл соңына дейін 19 көппәтерлі үй мен 1 429 жеке үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 3 мыңға тарта жұмыс орны құрылып, 8 мың адам баспаналы болады деп күтілуде», - деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Павлодар облысына барған жұмыс сапары барысында кәсіптік-техникалық кадрларды дайындау бойынша Ұлттық кеңестің селекторлық отырысын өткізді. Отырысқа қатысушылар дуалды білім беру жүйесін енгізу, колледждерді ірі компаниялардың басқаруына беру, сондай-ақ еңбек нарығының кадрларға деген сұранысын болжау мәселелерін қызу талқылады. Басылымның жазуынша, еліміздегі кәсіптік-техникалық колледждердің тек 8 пайызы ғана дуалды жүйе бойынша білім береді екен. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев өз ойын білдірген. Оның айтуынша, колледждердің оқыту үдерісі кей кезде кәсіпорындардың талап-үдесінен шықпай жатады. Жалпы, кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоқ емес. Мәселен, былтырғы жылы 13 мың маман дайындауға 666 өтініш түскен. «Жалпы, 2014 жылы кәсіби-техникалық мамандарды дайындауға мемлекет тарапынан 96 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қаржыландыру жыл өткен сайын өсіп отырады. Тек жергілікті биліктегілер бұл жұмысты қатаң бақылауға алу керек», - деді Бердібек Сапарбаев. Мақала «Кәсіптік білімнің келешегі зор» деген тақырыппен берілген.
*** Қазақстандық шенеуніктерге құны 20 мың теңгеден асатын сыйлық алуға тыйым салынады. Бұл ретте нақтылай кететін бір жайт бар, мемлекеттік шенеунік сыйлықты алғанымен, бір аптаның ішінде оны еш қорықпастан мемлекет меншігіне өткізуге міндетті. Бұл жайында «Экспресс К» газетінің бүгінгі санындағы «Дареному ослу в уши не заглядывают» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. «Сыйлыққа» қатысты бап 2016 жылы қабылдануы тиісті «Жемқорлыққа қарсы туру» заң жобасында қарастырылған. Аталған құжатта біздің лауазымды тұлғаларға өздерінің қызметтің міндеттерін орындау барысында немесе ресми қабылдауларда жалпыға қабылданған нормаға сәйкес кәдесыйлар алуға рұқсат ету көзделген. Дегенмен, тартудың құны 10 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.
*** «Өскемендегі 12-ші мектептің 12 жастағы оқушысы Кирилл Поповтың «режиссерлік» тырнақалды туындысы дау-дамай туындатуы мүмкін», - деп жазады «Время» газеті. Жеткіншек өзінің ұялы телефонымен сыныптағы төбелесті түсіріп, оны ғаламторға салып жіберген. Бейнероликтен ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан «жас режиссер» сыныптастарын жәбірлегендігін анық байқауға болады. Осыдан кейін жәбір көрген балалардың ата-аналары кішкентай бұзақының туған-туыстарын сотқа беруге шешім қабылдаған.