Қазақстанда шетел азаматтарына тұруға рұқсат беру қағидалары өзгереді

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер енгізді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Уақытша тұруға рұқсат алу үшін қызмет алушылар тіркелген жері бойынша аумақтық полиция органдарына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы не болмаса электрондық үкімет порталы арқылы шетелдікке немесе азаматтығы жоқ тұлғаға уақытша тұруға рұқсат беру туралы өтініш-сауалнамамен және болу мақсатына қарай қажетті құжаттармен жүгінеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызмет алушының өзі немесе заңды тұлғаның өкілетті өкілі (бұйрық немесе сенімхат негізінде) жеке қатысуы міндетті.

Қызмет көрсетушінің уәкілетті қызметкері құжатты түскен күні қабылдап, тексереді. Егер құжаттар толық болмаса, қызметкер өтінішті қабылдаудан бас тартып, тиісті қолхат береді.

Сондай-ақ құжаттарды қабылдағаннан кейін (оның ішінде мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы келіп түскен өтініштер бойынша) қызмет көрсетушінің уәкілетті қызметкері мынадай тексерулер жүргізеді:

Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіндегі мәліметтердің жұмыс беруші деректерімен сәйкестігін, оның ішінде жұмыс беруші мен қызметкер арасында еңбек шартының жасалғанын;

Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде көрсетілген шетелдік қызметкердің еңбек қызметін жүзеге асыру негізінің жұмыс беруші ұсынған мәліметтермен сәйкестігін.

Құжаттар қызмет көрсетуші немесе «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы порталы арқылы қабылданады:

мемлекеттік қызметті уақытылы алу үшін жүгінгенімен, ақпараттық жүйелердегі ақаулар немесе қызмет көрсетуші тарапынан қате бас тарту салдарынан болу мерзімі өтіп кеткен адамдардан;

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен соң 30 тәуліктен аспайтын мерзімде елден шықпауы себебінен халық көші-қоны саласында әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардан;

16 жастағы, бірақ кәмелет жасына толмаған тұлғалардан, елеусіз құқық бұзушылыққа байланысты сот ісін жүргізуді тоқтату туралы сот шешімі шыққаннан кейін және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 517-бабы бойынша 30 күн ішінде елден шықпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардан.

Құжат жобасы биыл 14 маусымға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.

Жыл басында хабарлағанымыздай, енді елімізге келетін шетел азаматтарына QR код беріледі. 

Сондай-ақ биыл сәуірде Қазақстан шетел азаматтарына ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) беруді қайта бастайтыны белгілі болды.