Қазақстанда шикізаттық емес бағыттағы экспорттың құрылымы өзгермеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстанның шикізаттық емес бағытына қарай экспорттың құрылымы өзгерген жоқ. Бұл өз кезегінде елімізде экономиканы әртараптандыру бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізілмеудің тәуекелдерін туындатады. Бұл жайында ҚР Парламенті Мәжілісінде 2016 жылға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасында Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, әлемдік тауарлық нарықтарда қолайсыз конъюнктура, өндірістер көлемінің қысқаруы Ұлттық қорға түсімдердің қысқаруына алып келді.

«Шоғырландырылған бюджеттің түсімдерінде шикізаттық сектордың үлесі айтарлықтай қысқарды. Экспорт құрылымының шикізаттық емес бөлігіне қарай өзгеруі орын алған жоқ, бұл өз кезегінде экономиканы әртараптандыру бойынша мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізе алмау тәуекелдерін құруда»,-деп тоқталды Әбдібеков.

Сонымен қатар ол екінші деңгейлі банктермен нақты секторға бағыттайтын ұзақ мерзімді қаржыландыру көлемі азайғанын жеткізді. Республикалық бюджет кірістерінің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігінің сақталуы атап көрсетілді.

«Есеп комитеті бағалауы бойынша республикалық бюджеттің нақтыланған параметрлері шын мәнінде орындалды. Бюджеттің орындалуы тұрғысында Үкімет тарапынан қабылданған шешімдерді түзетудің жүйелі қадамының болмау мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Үкіметтің тиісті қаулысы жыл барысында 31 рет өзгертуге ұшырады, оның 81 пайызы екінші жартыжылдыққа тиесілі»,-деді Әбдібеков.