Қазақстанда шикізаттық емес экспорт үлесі артты

Фото: Статистика агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Қазақстанның сыртқы саудасы 143,9 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға артық. Дегенмен, сауда балансында құрылымдық өзгерістер байқалды. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы елдің сыртқы саудасы бойынша жылдық шолу аясында хабарлады.

Экспорт 3,2%-ға азайып, 79,0 млрд долларға жетсе, импорт 7,4%-ға өскенін атап өту қажет – 64,8 млрд доллар. Нәтижесінде сауда профициті 21,3 млрд-тан 14,2 млрд долларға қысқарды. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда 7,3%-дан 4,6%-ға дейін төмендегенін көрсетеді.

– Экспорттағы төмендеудің негізгі себебі минералдық сектор (-3,3 млрд доллар), әсіресе Brent мұнай бағасының 2025 жылы шамамен 20%-ға төмендеуімен байланысты. Көлік құралдарының экспорты да 968,7 млн долларға азайып, сыртқы нарықтағы сұраныстың төмендегенін көрсетті, – делінген аналитикалық орталықтың материалында.

Қауымдастық деректеріне сәйкес, шикізаттық емес экспорттың үлесі 35,2%-дан 36,4%-ға артты. Бұл құрылымдық өзгерістен туындаған статистикалық өсім. Жануарлар мен өсімдік өнімдерінің экспорты (+2,0 млрд доллар: дәнді дақылдар, майлы тұқымдар, дәрілік өсімдіктер, мал азығы) жалпы төмендеуді біршама өтеді.

– Импорт өсімінің негізгі драйверлері: көлік құралдары (+3,0 млрд доллар), жануарлар мен өсімдік өнімдері (+695,4 млн доллар: какао, майлар, сүт өнімдері, сусындар) және химия өнімдері (+652,7 млн доллар). Сондай-ақ көлік құралдарын сатып алу авто бағасының төмендеуімен (7,2 млн. теңгеден 6,2 млн. теңгеге дейін) байланысты артып отыр, – деп атап өтілген материалда.

Осылайша орталықтың мамандары, 2025 жылы таза экспорттың қысқаруы жалпы ЖІӨ-ге теріс әсерін тигізіп, валюталық түсімнің төмендеуіне, ағымдағы есепке қосымша қысымның күшеюіне және сыртқы конъюнктураға байланысты валюталық курсқа қатысты күтулердің сезімталдығының артуына әкеп соқтырды деп қорытындылаған.

Айта кетейік, қазақстандық компаниялар 478 млн доллар сомасына экспорттық келісімдер жасады.