Бауыржан Ұмбаев өз достары Андрей Цой мен Дәурен Ережеповпен бірге «Өсімдіктен алынған рекомбинанттық герудин негізінде жасалынған сырттан қолданатын тамыр жарылуына қарсы дәрмекті жасау» ғылыми-зерттеу жобасын ұсынған. Олардың жұмыстары ғылым саласы бойынша үздіктердің қатарына енді.
Бауыржан Ұмбаевтың айтуынша, рекомбинанттық герудинді алу мен тесттік препарат Қазақстанда бірінші рет жасалуда. «Біздің жоба герудин негізінде, күре тамырларының кеңеюінің алдын-алуға арналған жақпаны жасаумен байланысты. Герудин табиғи өнім және ешқандай аллергиялық әсер бермейді Бүгінде, бұл аурудың түрі өте көп таралған. Сондықтан да, біздің жоба маңызды да, өзекті тақырып болып табылады. Бұл жоба алдағы уақытта фармацевтикалық және медициналық салаға енгізілетін үлкен бастаманың негізі бола алады», - деп атап өтті ол.
Оның пікірінше, қазақстандық ғалымдар ғылымды ең бүгінгі заманауи деңгейде жасауда және біздің ғалымдар халықаралық ғылыми үдерістермен бірге келеді. «Жас қазақстандықтар білімге ұмтылуда. Біз жас елміз, сондықтан, біздің мүмкіндігіміз, әлеуетіміз көп. Мемлекет әрдайым осылай қолдау көрсете берсе, ғылымның одан әрі қарыштап дамитынына сенемін. Жастардың бойында ғылымға деген қызығушылық бар. Оған докторантураға түсерде бір орынға 15 адамның үміткер болуы дәлел бола алады. Ғылымға біз сияқты өмірін арнаушылар арамызда аз емес», - деді ол.
Екінші жас ғалым Дәурен Ережеповтың пікірінше, бүгінде Білім және ғылым министрлігі жастарға барлық жағдайды жасауда. «Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқыдым. Осы оқу орны биология факультетінің бакалавриат, магистратура және докторантурасын тәмамдадым. Биотехнология бойынша қазақ тілінде алғашқы бітіргендердің бірімін. Мұнда жас ғалымдарға барлық жағдайлар жасалған. Оқу ордасында жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтар бар, жаңасын да алып жатыр, керекті реактивтерді де алуда. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағлымдамадан өтуге мүмкіндіктерді де жасауда. Мен Австрияда оқып келсем, әріптестерім Америкада білімдерін жетілдіріп келді». -деді ол.
Оның пікірінше, топпен жұмыс істеу жеңіл. «Әрқайсымыз бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Бізге бұл жобаны іске асыруға бір жыл уақыт берді, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлауға дейін ойдағыдай бітіреміз деп ойлаймын», - деді биолог Дәурен Ережепов.
Жас ғалымдардың айтуынша, гранттар жобаны іске асыруға қажетті шығыс материалдар мен жабдықтарды алуға жұмсалмақ.