Қазақстанда шындығында халықтық дауыс беру, халықтық сайлау өтуде - италиялық байқаушы

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанда шындығында халықтық дауыс беру, халықтық сайлау өтуде. Бүгін елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты бүгін елордада өткен брифинг барысында Италия Парламентінің депутаты Джанкарло Маццука осындай пікір білдірді.

«Мен сіздердегі сайлаудың мерекелік атмосферада, ән, бимен өтіп жатқандығын байқадым. Ал Италияда бұлай емес. Онда дауыс беру барысында партиялар арасындағы қырғын күрес өтіп, учаскелерде зор күштеу орын алады. Іс жүзінде сіздердің тәжірибелеріңіз оң. Тіпті, сіздерде халықтық дауыс беру, халықтық сайлау өтуде деп айтуға да болады», - деді ол.

Әріптесінің оң пікіріне қолдау білдірген Италия делегациясының тағы бір өкілі Массимо Вануччидің пікірінше, сайлау учаскелерінің ішінде де, сыртында да сайлаушылар тарабына ешқандай қысым болған жоқ. Сайлаудың барлық ережелері сақталып, дауыс беру құпиялылығы, сайлаушылардың еркін таңдау құқықтары қамтамасыз етілді.

«Біз дауыс беру процедурасы барлық ережелерге сәйкес өтті деп айқын айта аламыз», - деді ол.