Қазақстанда синтетикалық материалдан жасалған балық ауларына тыйым салынады - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда синтетикалық материалдан жасалған балық ауларын сату мен пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

«Өкінішке қарай, бұндай аулар базарда бар. Дегенмен, қазіргі күні біз заң жүзінде осыған тыйым салатын норма енгізгіміз келеді. Яғни, елімізде синтетикалық материалдардан жасалатын ауларды дайындау мен сатуға тыйым салынатын болады», - деді Е.Нысанбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі күні қазақстандық заңнамаларда ондай тыйымдар қарастырылмаған. Ал бұл балық шаруашылығына залалын тигізіп, балық өсімінің күрт құлдырауына әкеп соқтырып жатыр.

Айта кетерлігі, балық инспекторлары өңірлерде осы бағытта бірқатар шаралар атқаруда.

«Мәселен, ағымдағы жылдың көктемінде Іле өзенінде балық ауларын және басқа да құралдардан тазарту жұмыстары жүзеге асты. Сол бойынша Іледен 28 шақырымды құрайтын аулар алынған. Бұндай науқан барлық өңірлерде жүзеге асатын болады, ал оның нәтижесі балық популяциясының сақталуына өз септігін тигізеді», - деді вице-министр.