Қазақстанда сирек металдар кен орындары аукционға шығарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде күміс, көмір және сирек кездесетін металдардың 50 кен орны бойынша электрондық аукцион ұйымдастырылады.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлім етті.
— Алдағы уақытта алтын, күміс, көмір және сирек кездесетін металдардың 50 кен орны бойынша электрондық аукцион өткізу жоспарда бар. Бұл перспективалы нысандарға қолжетімділікті одан әрі кеңейтеді. Сонымен қатар, біз тек қана минералдық-шикізат базасын кеңейтіп қоймай, жер қойнауын пайдалану моделін қайта қарауымыз қажет. Қазақстан «өндіру–өңдеу–қалдықтар» сияқты сызықтық үлгіден біртіндеп бас тартып, айналмалы (циркулярлық) экономикаға бет бұрып келеді. Елде 55 млрд тоннадан астам техногендік минералдық түзілімдер шоғырланған, қазір оларды түгендеу және өндірістік айналымға тартуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр, — деді Иран Шархан елордада өтіп жатқан 15-і халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.
Сондай-ақ вице-министр жасыл экономикаға көшу, цифрландыру және электромобильдердің дамуы металдарға деген сұраныс құрылымын түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақстан алтын қоры бойынша ТОП-20 елдің қатарына кірді.
Сондай-ақ жақын арада тау-кен кешені саласында 3,5 трлн теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Оған әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысты.