Қазақстанда соңғы 3 жылда тәркіленген синтетикалық есірткілер 6-дан 140 кг-ға дейін ұлғайған
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің кіріспе сөзінен кейін ІІМ басшысы кеңеске қатысушыларға синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде есірткі ахуалына айтарлықтай әсер еткенін хабарлады.
Қолжетімділігі мен арзандығына байланысты олар есірткінің дәстүрлі түрлерін (героин, апиын, кокаин) белсенді түрде ығыстыруда. Тәркіленген «синтетика» көлемі соңғы үш жылда 6-дан 140 кг-ға дейін ұлғайды. Осы уақыт аралығында полиция 41 есірткі зертханасын жойды, оның 23-і – осы жылы.
Министр Марат Ахметжанов осы саладағы жазаның қатаңдатылғанын еске салды.
Атап айтқанда, өткен жылдың қазан айынан бастап «синтетика» есірткінің ауыр түрлеріне теңестірілді және оларды сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік бір грамнан (бұрын – 50 грамнан) басталады.
Министрдің пікірінше, «дәріханалық нашақорлық» қарқынды түрде өсуде. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен трамадол, тропикамид және азот оксиді сияқты препараттар күшті заттардың тізіміне енгізілген, бірақ олардың заңсыз айналымы үшін нақты жауапкершілік, өкінішке орай, жоқ.
Фото: polisia.kz