Қазақстанда соңғы бес жылда 490 жаңа мектеп салынды

АНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстанда соңғы бес жылда орта білім жүйесінде 490 жаңа мектеп салынды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Бұдан бөлек Назарбаев Зияткерлік мектептер желісі құрылуда. Қазіргі уақытта республикада осындай 6 мектеп жұмыс істейді. Осы жылдан бастап оларда халықаралық бакалавриат бағдарламасы енгізілді. Бұл осы бағдарламаның ең үздік түлектеріне әлемнің жетекші университеттеріне қосымша емтихан тапсырмай-ақ түсуіне мүмкіндік береді. Осы мақсаттарға 977 млн. теңге бөлінген», - деді министр. Оның айтуынша, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалып отырған жоқ. Мәселен, бүгінгі күні 9 мың 300 бала денсаулығына байланысты мектепке бара алмайды екен. Сондықтан да, мемлекет ағымдағы жылдан бастап 3 мыңнан астам осындай балаларды компьютермен, олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы қашықтықтан оқыту үшін интернетпен, бағдарламалық жабдықтаумен қамтамасыз етеді. «Алдағы үш жылда дәл осы санаттағы балалардың мәселесі толығымен шешімін табатын болады. Бұл бағытта 5,6 млрд. теңге қарастырылған», - деді Б. Жұмағұлов.