АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда соңғы он жылда 960 мектеп пайдалануға берілді.
Бұл туралы БҚО-да іссапармен жүрген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Нұр Отан» ХДП өңірлік филиалының конференциясында мәлім етті.
Бақытжан Жұмағұлов «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының есепті кезеңде атқарған жұмысына жақсы баға берді.
Сондай-ақ министр Елбасының тікелей нұсқауымен білім саласына елеулі қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, Қазақстандағы білім жүйесін қаржыландыру еуропалық елдер деңгейіне жетті. Соңғы он жылда елімізде 960 мектеп пайдалануға берілді. Және бұлардың сапасы шетелдегіден кем емес. Кембридж университеті жасаған нұсқа бойынша елімізде мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары өткізілуде. Ұлттық университеттерде мамандар даярлау сапасы да көтеріліп келеді. Лицей, колледждерде кәсіби, жұмысшы мамандықтарына жастарды оқыту ісін жақсарту да - алда тұрған міндеттердің бірі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).