Бұл туралы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту және бағаны тұрақтандыру мақсатында Қазақстанда кең ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Әдетте, халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі көтерілгенде, оны сақтау бойынша қисынды сұрақтар туындайды. Мол егін - азық-түлікке молынан кенелуге кепілдік бермейді, себебі, көп жағдайда егінді сақтайтын қоймалар болмайды.
Республикада азық-түлік кластерін құру мақсатында аграрлық қаржы институттары ірі қалалар, атап айтқанда, Астана мен Алматының айналасында азық-түлік белдеуін құруды көздейтін инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Жобалардың дені мемлекеттік аграрлық қаржы институттарымен іске асырылуда. Олардың арасында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ бар.
Астана мен Алматының айналасында азық-түлік белдеуін құру жобасы шеңберінде Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы Алматы облысында 13 мың тонна өнімді сақтауға арналған көкөніс қоймасын салды. «Корпорация Астананың азық-түлік белдеуін құру мақсатында халықтың сұранысына аса ие көкөніс дақылдары - картоп, сәбіз, қырыққабатты өсіретін мың жарым гектар жерді игеру жобасын да жүзеге асыруда. Онымен бірге, 10 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынуда», - делінген таратылған хабарламада.
Компанияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, соңғы үш жылда Қазақстанда барлығы 42 мың тонна өнімді сыйдыра алатын 10 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 8-і дайын болмақ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, сақталуы тиіс азық-түліктің барлық көлемінің 56 пайызы «жабылды».