Қазақстанда сот әділдігінің қолжетімділігі артты - Мәми

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сот әділдігінің қолжетімділігі артты. Бұл туралы бүгін Республика судьяларының VII съезінде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соттардың қызметін қамтамасыз ету жүйесіне реформалық жаңалықтар енгізілді. Жоғарғы сот кеңесімен әділет біліктілік алқасы құрылды. Сот жүйесін ары қарай жетілдірудің басым бағыты ретінде соттарды мамандандыру үлгісі таңдап алынды. 2004 жылдан бастап республиканың барлық аймақтарында мамандандырылған ауданаралық экономомикалық, қылмыстық, әкімшілік және ювеналды соттар құрылды. Осы шаралардың нәтижесінде істерді қараудың сапасы едәуір жақсарып, сот әділдігінің қолжетімділігі артты», - деді ол.

Оның айтуынша, 2007 жылы сот ісін алқа билерінің қатысумен жүргізудің жаңа қазақстандық үлгісі қалыптасты. Қазақстандықтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды ары қарай жетілдірудің кепілі ретінде 2008 жылы  қамауға тек қана соттың санкциясымен алу тәртібі енгізілді.

«Нәтижесінде бүгін 2007 жылмен салыстырғанда сотқа дейнігі қамауға отырғандардың саны 2 есеге, яғни, 9500 адамға  кеміді. Мемлекетіміз құқықтық жүйені ізгілендіру, яғни гуманизация жолын таңдады және біздің бұл тәжірибемізді халықаралық сарапшылар алға басушылық деп қабылдауда», - деді Мәми.