Қазақстанда сот органдарына шағым беру оңтайландырылды
16:27, 11 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана соты дөңгелек үстел отырысы барысында өзінің «Сот кабинеті» (www.office.sud.kz) сервисіне енуге мүмкіндік беретін бірыңғай интернет-терезесін таныстырды.
Қалалық сот кеңсесі жетекшісінің орынбасары Арман Ибрагимовтың айтуынша, сайт қызметін пайдаланғысы келген тұлғаның электронды сандық қолтаңбасы болуы қажет. Сот кабинетіне тіркелгеннен кейін пайдаланушыға талап арыздарды, бұйрықтарды, ерекше талап арыздағы сот актілерін, құжаттарды беру, төлем чектерін қарау қызметтері қолжетімді болады.
«Сіздерге ешқайда барудың қажеті жоқ. Үйде компьютерде отырып-ақ сіз кез келген уақытта осы портал арқылы талап арыз бере аласыз. Яғни, талап арыз беру айтарлықтай жеңілдейді»,- деді А.Ибрагимов.
Сот баспасөз қызметінің түсіндіруінше, сервис көмегімен сот органдарына электронды пошта арқылы жүгінуге де мүмкіндік бар. Бұл ретте азаматтар өз хатының сот органдарына жеткеніне толық сенімді болады.