Қазақстанда сот сараптамасының жаңа түрі пайда болды

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Сот сараптамалары қызметтерінің тізбесін кеңейту мақсатында еліміздесот сараптамасының жаңа түрі — зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жүргізу қызметі іске қосылды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтып берді.

«Сараптаманың бұл түрі — зияткерлік меншікті қорғауға, инвестициялық қызметті құқықтық қорғауға және еліміздің имиджін нығайтуға жасалған үлкен қадам саналады. Осыған орай Әділет министрлігі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының жазғы мектебінде сот сарапшыларын оқытты», — деді Т. Уәли министрлік ұйымдастырған брифингте. 

Енді кәсіби сот сарапшылары зияткерлік меншік нысандарына сараптама жүргізіп, нысандардың ұқсайтыны немесе ұқсамайтыны жөнінде сараптама жүргізе алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері авторлық құқық иелерінің шағымдарымен тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. 

Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 158-бабы бойынша 58 іс қозғалып, бюджетке жалпы сомасы 4 539 914 теңге өндірілді.