Қазақстанда соттылық туралы анықтама берудің жаңа үлгісі енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгіннен бастап елімізде соттылық туралы анықтама берудің жаңа үлгісі енгізілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгіннен бастап біз соттылық анықтамасын жаңа үлгіде бере бастайтын боламыз. Оған не себеп болды?  Осы күнге дейін азаматтардың қылмысқа тартылғандығы туралы барлық мәліметті берген болсақ,  енді сол анықтаманы соттылығының өтелгендігі мен жойылғандығын ескере отырып береміз», - деді Бағдат Мусин.

Оның атап өтуінше, жаңа тізілім бойынша көрсетілетін осы мемлекеттік қызметтің атауы «Тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы туралы анықтама берудің» орнына «Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру» болып өзгереді.  Жалпы, жылына дәл осы анықтама 2,2 млн. рет беріледі.

«Яғни,  сағат сайын біз 1200 дана анықтама береді екенбіз. Осыншама анықтаманың қажеті қанша және соншама  адам Халыққа қызмет көрсету орталықтарына не үшін барады? Орташа есеппен алатын болса, бір адам анықтама алу үшін 3 сағат уақытын жұмсайды екен», - деді комитет басшысы.

Оның айтуынша, аталған құжат негізінен азаматтардан  мемлекеттік органға жұмысқа орналасу  барысында  талап етілетін. Ал қазіргі уақытта кез келген жұмыс орны дәл осы анықтаманы талап ететін болды.

«Жалпы, жұмысқа орналасу барысында мұндай анықтаманы талап етудің өзі заңсыздық», - деді ол.

Мусиннің сөзіне қарағанда, жаңа стандарт қабылданғаннан кейін соттылығы өтелген немесе алынып тасталған, оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған азаматтар «Соттылығы жоқ» жазбасымен таза анықтама алатын болады.