Қазақстанда сөз бостандығына ешқандай да шектеу жоқ - Бас редакторлар клубының өкілі

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстанда сөз бостандығы жоқ» деген әңгіме айтылып қалады. Ал Қазақстанда тіркелген 3 мыңға жуық ақпарат құралдарының 80 пайызы жеке иелікте және мемлекет оған ешқандай да ықпал ете алмайды.

Онда жарияланатын материалдардың қандай болуы қажеттігіне ешкім де шек қоя алмайды. Бүгінде еліміздегі мемлекетке сын айтқысы келетін басылымдардың саны мемлекеттік басылымдардың санынан артық. Тек «Свобода слова» басылымының өзінің таралымы аптасына 90 мың данадан асады. Сондай-ақ «Республика» басылымының саны 30 мың, «Жас Алаш» 50 мың данамен тарайды және оларды елдегі кез-келген дүңгіршектен немесе дүкеннен сатып алуға болады. Осындай жағдайда сөз бостандығы жоқ деуге бола ма?», деді Қазақстанның Бас редакторлары клубының өкілі бүгін ЕҚЫҰ саммитінің Шолу конференциясында.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде «К плюс» атты телеарна бар. Ол еліміздің барлық аймақтарына тарайды. Олардың хабарларында үкіметке, Мемлекет басшысына және биліктің өзге де өкілдеріне қатысты сын, пікірлер айтылып жатады. Ал мемлекеттің иелегінде екі арна мен екі басылым бар. Жекелеген азаматтардың өздерінің баспаларын ашып, қажетті материалдарын басуға ешкім де тежеу болып отырған жоқ. Бұл тұрғыда Қазақстанда кейбір материалдарды баспалар қабылдамайды деген сөз негізсіз. Бұл - осыған дейін Варшавада да сөз болған мәселе», деді клуб өкілі.