Қазақстанда созылмалы аурулары бар адамдарға арналған тегін дәрілер рецептісін беру жеңілдетілді - А.Цой

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой ҚР ДСӘДМ-нің ағымдағы жылдың 6 айындағы денсаулық сақтау саласындағы қызметінің қорытындысы бойынша алқа мәжілісінде «Кезексіз емханалар» имидждік жобасын жүзеге асыру туралы мәлім етті, деп хабарлады pm.kz.

«Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсетудің 294 ұйымында кезектерді төмендету бойынша шаралардың мониторингі жүргізіліп, нәтижесінде барлық аймақтарда созылмалы аурулары бар адамдарға арналған тегін дәрілер рецептісін беру процедуралары жеңілдетілгені - оның 3 айға бір мерзімде берілетіні анықталды», - деп атап өтті А. Цой.

Вице-министрдің айтуынша, амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін 286 ұйымда тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы пациенттерді алдын ала дәрігерге жазу немесе үйге шақыру шаралары енгізілген. 290 МСАК ұйымдарында шұғыл көмек қажет ететін пациенттер үшін сүзгі-кабинеттер мен дәрігерге дейінгі кабинеттер жұмыс жасайды.

«Ал профилактикалық тексерілу мақсатында келген пациенттер үшін 282 скринингтік кабинет қызмет көрсетеді. Барлық аймақтарда Пациенттерді қолдау қызметі мен «Қазір және дәл осы жерде» қағидасымен қызмет көрсететін сенім телефоны жұмыс істейді», - деп түйіндеді ол.