Қазақстанда спутниктік интернеттің жаңа операторлары пайда болмақ

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылы Қазақстан нарығына Amazon LEO және Shanghai SpaceSail спутниктік интернет операторлары шығуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің жауабында айтылған.

Фото: JAXA

Оның атап өтуінше, спутниктік байланыс жерүсті инфрақұрылымын салу техникалық тұрғыдан қиын немесе экономикалық жағынан тиімсіз шалғай және жету қиын елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етеді.

- 2024 жылғы қазанда OneWeb компаниясы Алматы облысының Көктерек ауылында жерүсті түйіндестіру станциясын іске қосты. Ал 2025 жылғы қаңтардан бастап спутниктік интернет қызметтерін көрсетіп келеді. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы шалғайдағы 329 ауыл OneWeb спутниктік интернетімен қамтамасыз етілді. 2026 жылы OneWeb терминалдарын пайдалана отырып, қоғамдық Wi-Fi нүктелері орнатылған ауылдардың саны 362-ге дейін ұлғайтылды. Әкімдіктердің өтініштері бойынша қосымша елді мекендерді қосу мәселесі қарастырылып жатыр, - деді вице-премьер.

Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, Starlink терминалдары 1 798 мектепте орнатылған. Сондай-ақ оларды азаматтар және кәсіпкерлер, оның ішінде шалғай жерлерде және туристік орындарда пайдаланады. Starlink және OneWeb компаниялары коммерциялық негізде қызмет көрсету үшін қажетті техникалық талаптарды, оның ішінде арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының (АЖІШ) және телекоммуникация желілерін басқару орталығының талаптарын орындап, тиісті жерүсті инфрақұрылымын құрды. 2026 жылғы 2 қазанда компаниялар қажетті лицензияларды алып, пилоттық режимнен коммерциялық негізде байланыс қызметтерін көрсетуге көшті.

- 2027 жылы Қазақстан нарығына Amazon LEO және Shanghai SpaceSail операторларының шығуы күтіледі. Спутниктік технологияларды дамыту халықтың әлеуметтік нысандардың және бизнестің интернетке қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ жерүсті инфрақұрылымы зақымданған жағдайда резервтік байланыс арналарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Жаслан Мәдиев.

Shanghai SpaceSail Technologies Қытайдың спутниктік интернет компаниясы.

Amazon Leo (бұрынғы Project Kuiper) спутниктік интернет жүйесі.

Айта кетейік, елімізде 51 бағыт бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздары Starlink спутниктік интернетіне қосылды.