Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған комитеттің төрағасы Рыскелді Сәтбаев азық-түлік саласындағы 94 кәсіпорын тексерілгенін және 53-інде заң бұзушылықтар анықталғанан сөз етті. Инспекторлар бұндай бизнесмендерге 4 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған көрінеді. Сонымен қатар 244 890 219 теңге сомасындағы азық-түліктің 712 партиясын саудалауға тыйым салынды.
Мәселен, Ақмола облысында ресейлік шұжықтар («Царицыно сауда маркасының Посольский сервелаты», «Партнер Ф») сәйкестік сертификатынсыз сатылып келген. Зертханалық тексерулер барысында пісіріліп, қақталған шұжықтың құрамында сорпа болған, ал жартылай қақталғаны стандартқа толық сай келмейді екен.
«Тексеру қорытындысы бойынша 366 502 теңгенің өнімін сатуға тыйым салу туралы ұйғарым берілді»,-деді Р. Сәтбаев.
Сонымен қатар ШҚО-да жеке кәсіпкерде тез әзірленетін «Роллтон» кеспесінде (Ресейде өндірілген) сәйкестік сертификаты болмаған және таңбалау тәртібі де бұзылып, мемлекеттік тілде ақпарат жазылмаған. Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Комитет басшысы инспекторлар ресейлік азық-түліктермен қатар Италия, Грузия, Қытай, Вьетнам, Таиланд өнімдерінен стандарттардың сәйкес келмеуі фактілерін анықтағанын жеткізді.