Қазақстанда статистика саласына арналған AI-көмекші іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық статистика бюросы «AI Stat» виртуалды көмекшісін іске қосты. 

Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, жасанды интеллектке негізделген сервис статистикамен жұмысты жеңілдетіп, деректерді табуға, есептілікті түсінуге және бюро қызметтерін байланыс орталығына жүгінбей пайдалануға көмектеседі.

Көмекші диалог форматында жұмыс істейді, есептілік бойынша кеңес береді, нысандарды толтыруға көмектеседі және қателер қаупін азайтады.

Сондай-ақ ол ақпаратты іздеуді және сервистер бойынша навигацияны, соның ішінде Респондент кабинетінде жұмыс істеуді жеңілдетеді.

— Сонымен қатар, «AI Stat» БСН немесе ЖСН бойынша міндетті статистикалық нысандардың («Жүгіртпе») тізімін қалыптастырады, қызмет түрін таңдауда ЭҚЖЖ кодтарын іріктейді және қажет болған жағдайда байланыс орталығына сұрау жібереді. Бұл жұмысты жеделдетіп, күнделікті процестерді автоматтандырады, — дейді мамандар.

Бұдан бұрын Қазақстан жаһандық статистикалық комиссия құрамына енгенін жазғанбыз.