Қазақстанда стриминг индустриясы қалай дамып келеді

Фото: Камила Мүлік

АСТАНА. KAZINFORM — Astana Media Week форумы барысында сарапшылар онлайн-контент нарығының қайда бет алғанын айтты.

– Біз көрерменге тегін қолжетімді контентпен қатар, ақылы жазылым немесе транзакциялық модель ұсыну арқылы жаңа тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Бұл әсіресе кинотеатрларға бара алмайтын аймақ тұрғындары үшін маңызды мүмкіндік, – деді Movie Service компаниясының бас директоры Анна Дармодехина.

Сондай-ақ ол салада антипираттық шараларды күшейтіп, заңды контент тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты. Ал UNICO Play платформасының тең жетекшісі Анара Жұнусова отандық контент нарығының әлі қалыптасу кезеңінде екенін атап өтті.

– Көпшілігі дистрибуцияның, яғни контентті сату мен тарату тетіктерін толық түсінбейді. Біз қазір нарықты қалыптастырып жатырмыз. Контент өндірушілер өз өнімін не үшін және қайда арнап жасап жатқанын нақты түсінуі қажет, – деді ол.

Спикерлердің пікірінше, стриминг индустриясы қазақстандық көрерменнің мәдени сұранысына қарай бейімделіп, біртіндеп тұрақты нарыққа айналып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Astana Media Week 2025 форумы аясында өткен пікірталаста журналист қызметіндегі жасанды интеллектінің жұмысы жайлы жазған едік.

Камила Мүлік