Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі (СРҰАЖ) өнеркәсіптік пайдалануға берілді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Су ресурстары министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов саланы цифрландыру мәселелері бойынша аппарат кеңесінде атап өткеніндей, ақпараттық жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әзірленді. Ол су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың басқа да элементтері туралы деректерді біріктіреді.

Жүйенің негізгі мақсаты – басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірыңғай, сенімді әрі өзекті деректер базасын қалыптастыруды қамтамасыз ету.

Бүгінде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер цифрландырылып, жүйеленді. Оның ішінде 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан бар.

Сонымен қатар жүйеде шамамен 3 мың ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілді.

Сондай-ақ 2,2 мыңнан астам бастапқы су есебі жөніндегі есеп пен 1,3 мыңнан астам 2-ТП нысанындағы есеп қабылданды.

-Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің функционалы су балансын жүргізуді, су пайдалануды есепке алу мен талдауды, су қоймаларының жай-күйін мониторингтеуді, трансшекаралық су нысандары жөніндегі деректермен жұмыс істеуді, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қамтиды. СРҰАЖ-ды енгізу экономиканың тұрақты дамуы мен еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік сондай-ақ каналдар арқылы су беру бойынша тұтынушылармен электронды келісімшарттар жасасуды, онлайн төлем жүргізуді және су ресурстарын автоматтандырылған есептеуді көздейтін Су тұтынуды ерте болжау жүйесін тәжірибелік пайдалануға берді.

Бүгінде келісімшарт жасасу процесі толықтай электронды форматқа көшірілді. Жыл басынан бері шаруалармен 29 мыңнан астам келісім жасалды.

Осыған дейін қоқиқаздардың мекенін сақтау үшін Қорғалжынға 40 млн текше метр су жіберілгені туралы жаздық.