Қазақстанда су ресурстарын қорғауға арналған халықаралық сессия өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау конвенция кеңесінің 8-ші сессиясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҰҰ-ның 90-ға жуық мемлекетінің министрлері мен 500-ден астам сарапшының басын қосатын айтулы шара жаһандық тұрғыда және Азия бойынша Қазақстанда алғаш рет өткелі отыр.

Сессия барысында климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстары, азық-түлік және энергия мен экожүйе мәселелері қаралады. Сондай-ақ, трансшекаралық бассейндік басқарудың тиімділігі мен қауіпсіздігі сөз етіледі.

«Үш жылда бір рет өтетін су ресурстарына арналған сессия жұмысына біздің ел 2000 жылдан бастап тұрақты қатысып келеді. 2015 жылы Будапештте өткен кезекті сессияда халықаралық конвенция Қазақстанның екі бастамасын қолдаған болатын. Ол - 2018 жылы 8-ші сессияны Қазақстанда өткізу және Астанада суды бағалау бойынша халықаралық орталық ашу. Аталған орталық 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, вице-министр сессия барысында трансшекаралық су ресурстарын қорғау мен қолдауға бағытталған маңызды құжаттар қабылданатынын да айтып өтті.

«Қазақстан халықаралық құқық нормаларына негізделген өркениетті мемлекетаралық су қатынастарын қалыптастыру бағытын ұстанады. Трансшекаралық бассейндік басқарудың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру мақсатында конвенцияның болашақ жұмысын айқындайтын «Конвенцияны жаһандық деңгейде жүзеге асыру стратегиясы» және «2019-2021 жылдарға арналған конвенция жұмысының бағдарламасы» қабылданады», - деді ол.

Айта кетейік, құрамында әлемнің 40 елі бар, трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау конвенциясы кеңесіне Қазақстан 2000 жылдан бері мүше. 2016 жылдан бастап БҰҰ шешімімен су ресурстарын жаһандық тұрғыда қорғау мақсатында аталған кеңеске кез келген мемлекет мүше болуға құқылы.

Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау конвенция кеңесінің 8-ші сессиясы Астанада 10-12 қазан күндері ЭКСПО-дағы Конгресс орталықта өтеді.