Қазақстанда су ресурстарының магистралды және тарату инфрақұрылымдарын басқару бойынша 2 ұлттық компания құрылады

None
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда су ресурстарының магистралды және тарату инфрақұрылымдарын басқару бойынша 2 ұлттық компания құрылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын таныстырған Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров айтты.

«Бағдарлама магистралды және тарату инфрақұрылымдарын басқару бойынша 2 ұлттық компания құруды ұсынады. Жаңа басқарудың жүйесі бойынша мемлекеттік су саясатын анықтау және трансшекаралық келіссөздермен министрлік айналысып, ал комитет бақылау-инспекциялық қызметтерді атқаратын болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ұлттық компаниялар республикалық деңгейдегі су шаруашылығы нысандарын, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өңірлік тарату желілерін салып, басқарумен айналысатын болады.