Қазақстанда судьяларға мемлекеттік тілді білу міндеттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда судьяларға мемлекеттік тілді білу міндеттеледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОҚК-інде өткен брифингте ҚР Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мәлім етті.

«Судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыру талаптарын қайта қарауды қажетсінеді. Оның негізі ретінде Германия тәжірибесі алынуы мүмкін. Онда судьяларды дайындау жазбаша емтихан мен тәжірибелік оқытудың бірнеше кезеңімен жүргізіледі. Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде ұсыныс институтын, «А» корпусына кандидаттарды іріктеудегідей мемлекеттік тілді білуіне арналған тестілеуді енгізу мәселелерін қарастыру ұсынылуда», - деді ол.

Сонымен қатар ол судья лауазымына ұсынылған тұлғаға бір жылдық сынақ мерзімін енгізу мәселесі де қаралып жатқанын атап өтті.

«Аталған мерзім аяқталғаннан кейін тұрақты негізде судья лауазымына тағайындау туралы мәселе халықаралық стандарттарға сәйкес сот төрелігі қорытындыларының негізінде жоғарғы сот кеңесімен шешілуі қажет», - деді А.Рахметулин.