Қазақстанда суды тиімді пайдалану мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин мен Венгрияның Қазақстандағы Елшісі Отто Иван Рона Қазақстанның Дүниежүзілік банктің су ресурстары жөніндегі жұмыс тобына (Water Resources Group 2030) қосылуына қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-министр Қазақстанның Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізудегі белсенді және жүйелі саясаты ҚР мен халықаралық қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін айтты.


«Қазақстан әлемдегі ең үлкен тоғызыншы ел, дүниежүзілік мұхиттан ең алыс және теңізге шыға алмайтын ел, аумақтың 2/3 бөлігі құрғақ аймақтар. Олардың тек 2,8% сумен жабылған, ал температура әр 10 жыл сайын 0,28 градусқа көтеріледі. Біз қазірдің өзінде климаттың өзгеру салдарын көріп, байқаудамыз. Бұл су ресурстары проблемасына алып келеді», – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин.


Трансшекаралық өзендер бойынша Қазақстан ағыс жағынан төмен орналасқан. Су ресурстарының 40% астамы бізге көрші елдерден келеді. Шығыста, оңтүстікте, солтүстік-батыста біз көрші мемлекеттерге тәуелдіміз. Бұл проблема жаһандық жылынуға байланысты өсе береді.

Қазақстанның Дүниежүзілік банктің су ресурстары жөніндегі жұмыс тобына қосылуы елімізге экономиканың барлық саласында суды тиімді және ұқыпты пайдалану мәселелерінде әлемнің жетекші елдерінің озық тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді.