Қазақстанда судьялық қызметке қалай орналасуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова елімізде судьялық қызметке қалай орналасуға болатынын айтты.

Фото: freepik.com

— Қазақстанда жасы 30-дан асқан, заңгер мамандығы бойынша жоғары білімі бар, кемі 5 жыл заңгерлік салада қызмет еткен ҚР азаматы судья бола алады. Қазіргі таңда судьялық қызметке орналасудың 2 жолы бар. 

Бірі — Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында оқып, судья қызметіне біліктілік экзаменін сәтті тапсыру арқылы. 

Сот төрелігі академиясында оқудың артықшылықтары: 

- 1 жыл ғана оқисың;

- Оқып жүрген уақытта жұмыс орның сақталады;

- Оқып жүрген уақытта жалақың сақталады;

- Астана соттарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі;

- Шалғай аудандарға судьялық қызметке конкурстан тыс орналасады.

Екінші жол — Жоғары сот кеңесінің жанындағы Білік комиссиясының экзаменінен өту, - деді ол.

Оның айтуынша, тағы бір жеңілдік — академия түлектері соттарда тәжірибеден өту міндетінен босатылады.

Ал қазіргі кезде Жоғары сот кеңесінің біліктілік экзаменінен өткен басқа үміткерлер 6 айдан 1 жылға дейін соттарда тәжірибеден өтуі тиіс. 

Айта кетейік, қазіргі кезде елімізде судьялық қызмет саласында 300 орын бос тұр

Сондай-ақ, ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Ғафур Шаров елімізде сот тәуелсіздігін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан еді