Қазақстанда сұлулық байқауларының жеңімпаздары атанған арулар (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай, «ҚазАқпарат» ХАА елімізде өткізіліп келе жатқан сұлулық байқауларына қатысып, жеңімпаз атанған арулардың бірқатарын тағы да назарларыңызға ұсынады.


2013 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан аруы» атағын 24 жастағы алматылық Айдай Исаева жеңіп алған болатын. Бір жылдан кейін ол «Әлем аруы-2014» байқауына да қатысты. Қазір, Айдай тұрмыста, бір ұлы бар. Болашақта сән бизнесіндегі жұмысы мен дәрігерлік қызметін жалғастырғысы келеді.


Айдай Исаевадан кейін «Қазақстан аруы-2014» байқауын алматылық Регина Вандышева жеңіп алды. Алтын тәжге ие болған ол, келесі жылы «Әлем аруы-2015» байқауына қатысты. Регина спортпен белсене шұғылданады. Қазір ол - жеңіл атлетика бойынша спорт шеберлігіне кандидат.


Өткен жылы Регина Вандышева «Қазақстан аруы-2015» байқауының алтын тәжін Ақтау қаласының аруы Әлия Мергенбаеваның басына кигізді. 17 жастағы ару байқау кезеңдерінің бірінде сүйікті кітабы туралы сұраққа: «кітап оқымаймын», - деп жауап беріп, көпшілікті таң қалдырған болатын. Біреулер оны айыптаса, енді біреулер шын жауап бергені үшін риза да болысты. Дегенмен, сәл кейінірек, Әлия өзінің берген жауабын көпшіліктің дұрыс түсінбегендігін, кітап оқитындығын, бірақ тек өз саласы, яғни «Қонақ үй бизнесі» мамандығы бойынша оқитындығын, ал басқа кітаптарды оқуға уақыты жоқтығын айтып ақталды.


Ал «Көктем аруы-2016» байқауында Маңғыстау өнер колледжінің студенті Әдемай Ашықбаеваның бағы жанды. Бұл байқауға қаладағы жоғары және орта білім мекемелерінен 12 бойжеткен қатысқан болатын. «Сәлемдесу» атты бірінші кезеңде байқауға қатысушылар өздері туралы қысқаша баяндауға тиіс болды. «Дефиле» атты екінші кезеңде бойжеткендер қазақша киім үлгісін көрсетті. «Сұрақтар мен жауаптар» атты үшінші кезеңде қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлері және ел тәуелсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал «Таланттар байқауы» атты төртінші кезеңде олар өздерінің ән, би және ақындық шеберлігін танытты.


«ҚазҰУ аруы-2015» атағын химия және химия технологиясы факультетінің 3-ші курс студенті Айсұлу Байсеңгірова жеңіп алды.

Байқау аясында өткен дарындылар байқауында Айсұлу Ұлы Отан соғысына қатысқан өзінің атасы туралы қойылым көрсетті. Сөйтіп, көрермендер мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленгені белгілі.


Ал астаналық орта мектептің 11-ші сынып оқушысы Алена Лысак «Хан Шатыры аруы-2015» атағын жеңіп алды. Сондай-ақ, оған жүлде ретінде 10 мың доллар табыс етілді. Бойжеткен бұл ақшаны университеттегі оқуына жұмсайтындығын айтты.


Ал Инновациялық гуманитарлық университеттің студенті Кәмила Темірова «Астана аруы-2015» байқауында жеңімпаз атанды.


Павлодар қаласындағы №20-шы мектеп-лицейдің 16 жастағы оқушысы София Шарикова «Павлодар аруы-2015» байқауының ең жас қатысушысы болған еді. Алайда, өзінің білімдарлығы және табиғи болмысымен қазылар алқасының ризашылығына бөленіп, басына алтын тәж киді.


«Шымкент аруы-2015» байқауын 18 жастағы Ақмөлдір Әбдірахманованың жеңіп алғанын білесіздер. Оған жүлде ретінде 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Осылайша, Ақмөлдір Шымкент қаласы атынан «Қазақстан аруы-2015» байқауына қатысу құқығына ие болды.


«Петропавл аруы-2015» байқауында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті, болашақ қаржыгер Алина Хлевова үздік деп танылды.


Әрі қарай кеттік, «Көкшетау аруы-2015» байқауы «Көкшетау» сарайында өтті. Оған 12 бойжеткен қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетеу мемлекеттік университетінің 21 жастағы студенті Жанна Хайруллина Көкшетау қаласының ақылына көркі сай ең сұлу аруы атанды.


Ал «Орал аруы-2015» байқауын 18 жастағы Вероника Злата жеңіп алды. Қазылар алқасы оның білімділігін, сымбаттылығын және көпшілік алдында өзін ұстай білу қабілетін жоғары бағалады.

«Алматы аруы-2015» байқауында Қазақтың спорт және туризм академиясының түлегі, 20 жастағы ару Регина Вальтер жеңімпаз атанды.


Ал «Талдықорған аруы-2015» байқауын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Айдана Қанайбаева жеңіп алды.


«Қостанай аруы-2015» байқауының алтын тәжін Қостанай педагогикалық колледжінің 19 жастағы студенті Ксения Брума киді. 18 жастағы Рената Нұрғазина болса, «Қарағанды аруы-2015» байқауының жеңімпазы атанды.