Қазақстанда суперкомпьютердің қуатын тиімді пайдалану тәртібі әзірленді — министр

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік органдардың жұмысы суперкомпьютер есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. 

— Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитінде стратегиялық рөл атқарады. Бүгінде бұл процесстегі біздің үлесіміз 1,5 пайызды ғана құрайды. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 пайызға дейін өсіруді көздеп отырмыз. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып отыр. Олар халықаралық түйісу нүктелерінің өткізу қабілетін 54%-ға арттыруға бағытталған. Бұл — Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін (ВОЛС) салу және жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын «Батыс–Шығыс» гипермагистралін жүзеге асыру жобалары, — деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, цифрлық экожүйенің маңызды бөлігі — деректерді өңдеу орталықтары. Қазір шамамен 4 мың серверлік тірегі бар. Оның ішінде Астана қаласында 2 мемлекеттік, өңірлерде 14 деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қазіргі сұранысын толық қамтамасыз етіп жатыр.

— 2030 жылға қарай серверлік тіректер санын 20 мыңға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Tier III–IV деңгейіндегі кемінде 9 заманауи деректерді өңдеу орталығын іске қосамыз. Бұл жобалардың іске асуы Big Tech компанияларды тартуға жол ашып, Қазақстанның өңірлік IT хаб ретінде қалыптасуына серпін береді, — деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қазақстанда NVIDIA H200 чиптеріне негізделген «alem.cloud» ұлттық суперкомпьютерлік орталығы іске қосылды. Бұл — өңірдегі ең ірі кластер.

— Суперкомпьютердің қуатын тиімді пайдалану үшін біз арнайы бөлу тәртібін әзірледік. Бұл тәртіп отандық стартаптар мен жоғары оқу орындарына есептеу ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың қажеттіліктері біздің суперкомпьютердің есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, биыл қазанда «Қазақтелеком» Al-Farabium кластерін іске қосты. Бұл жүйе «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының жоғары өнімді есептеу ресурстарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы интернетпен қамтылады.