Спикердің сөзінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 218 мыңнан астам қазақстандық онкологиялық есепте тұр.
«Былтыр 41 515 қазақстандыққа түрлі қатерлі ісік диагнозы қойылды. Оның 5500-і сүт безі обыры. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 218 213 мың адам онкологиялық есепте тұр. Бір жыл ішінде 13 мыңға жуық тұрғын осы дерттен қайтыс болды»,- дейді Диляра Қайдарова.
Елде ең көп таралған түрлеріне сүт безі обыры, колоректальды қатерлі ісік, жатыр мойны обыры, асқазан қатерлі ісігі мен өкпе обыры жатады.
«Онкологиялық ауру жылдан-жылға жасарып барады. Бұрын асқазан, ұйқы безінің қатерлі ісігі 60 жастан асқан адамдардан анықталса, қазір бұл дерт жастар арасында жиі кездесе бастады. Біздің міндетіміз – халықты емдеу және ерте диагностика мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру. Қазір сақтандырылмаған азаматтар да тексеру кабинеттерінен тегін өте алады. Бізде «жасыл дәліз» бар, қатерлі ісікке күдікті науқастар барлық қымбат тексерулерден тегін өтеді. Ең бастысы емханаға келіп тіркелу керек», - деп түсіндірді Қазақстанның бас онкологы.