Қазақстанда сүт өнімдері ең көп, ал балық пен теңіз өнімдері ең аз тұтынылады

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 4 тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңiмен салыстырғанда азық-түлік өнімдерінің барлық негізгі топтары бойынша тұтынудың өсуі байқалуда.

 Қазақстан Республикасы үй шаруашылықтарындағы (халықтың орташа жан басына шаққанда) ең көп тұтынылатын сүт және сүт өнімдері, ең аз тұтынылатын балық және теңіз өнімдері болып табылады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

Сонымен қатар, агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылғы 4 тоқсандағы қалалық және ауылдық жерлердегі халықтың тамақ өнімдерінің негізгі түрлерін тұтынуын салыстырғанда ең жоғары саралану жұмыртқаны, жемістерді, нан және жарма өнімдерін тұтыну бойынша байқалған. Бұдан бөлек, 2011 жылғы 4 тоқсанда халықтың тамақ өнімдерінің негізгі түрлерін орташа жан басына шаққандағы тұтынуының өңірлік аспектісін салыстырсақ, нан және жарма өнімдерінің ең аз тұтыну көрсеткіші Астана қаласында тіркелсе, оның ең көп тұтынуы Қызылорда облысында байқалған.

Сонымен қатар, етті ең аз тұтынатын облыс Оңтүстік Қазақстан облысы болса, ең көп көрсеткіш Алматы қаласына тиесілі екен. Балық және теңіз өнімдері Маңғыстау облысында ең аз, ал ең көп тұтыну Атырау тұрғындарында болып отыр.