Қазақстанда тағам, жанармай, лифтіге қатысты техникалық регламент қайта қаралады
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ техникалық регламенттің талаптарына талдау жүргізіледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлайды.
Биыл қаңтарда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі ЕАЭО-ның (Еуразиялық экономикалық одақ) қолданыстағы техникалық регламенттерінің және оларға стандарттар тізбесінің ғылыми-техникалық деңгейін бағалауға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті.
Аталған жоспарға сәйкес алдағы 5 жылда 29 техрегламент талдаудан өтеді. Қажет болған жағдайда тізім кеңейтілуі мүмкін.
Талдау барысында ескірген және артық талаптарды жойып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жоспарланып отыр. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өндірушілері мен тұтынушылары үшін бірыңғай, түсінікті және заманауи талаптарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
- Бірінші кезекте бағалауға 10 жылдан астам уақыт бұрын қабылданған, сондай-ақ 5 жылдан астам уақыт бойы өзгертілмеген техникалық регламенттер жатады. Бұдан басқа, ЕАЭО елдерінен өтініштердің едәуір саны келіп түсетін регламенттер қамтылған. Жұмысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары бейінді ғылыми ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның тиісті департаменттерінің сарапшыларын тарта отырып жүргізеді,- делінген хабарламада.
Қазақстанға қатысты 8 техникалық регламент бекітілген, олардың ішінде, лифт қауіпсіздігі, жанар-жағармайға қойылатын талаптар және тағам қауіпсіздігі бар. Беларусь Республикасы ауыл шаруашылығы техникасының қауіпсіздігі мен тамақ өнімдерін таңбалауды қоса алғанда 5 техникалық регламентпен айналысады. Ресей Федерациясы пиротехникалық өнімдердің, көлік дөңгелектері, балалар тауарлары мен сүт өнімдерінің қауіпсіздігін қоса алғанда 16 техникалық регламентті талдайды.
- Бұл жұмыс ЕАЭО техникалық регламенттерінің өзектілігін, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін, сынақ әдістерімен қамтамасыз етілу дәрежесін және олардың экономика салалары үшін маңыздылығын қамтамасыз ету үшін тұрақты негізде жүргізіледі, - дейді министрліктен.
Еске сала кетейік, жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-ға қатысушы елдер үкіметтерінің басшыларымен Одақ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері мен ынтымақтастықтың келешегін талқылады.