Баспасөз мәслихаты барысында журналистер жоғары оқу орындарындағы білімнің формалды сипаты туралы сынға қатысты сұрақ қойды.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін талапкерлерді іріктеу жүйесі жаңартылып жатыр.
— Өткен жылы Мемлекет басшысының сапары аясында АҚШ-қа барып, тест әзірлеу бойынша әлемдегі жетекші ITS компаниясымен келісімге қол қойдық. Қазір жаңа форматтағы тест әзірленіп жатыр, — деді ол.
Оның сөзінше, Admissions Insight Test деп аталатын жаңа тест талапкерлерді неғұрлым нақты іріктеуге, олардың білімін жан-жақты бағалауға және нәтижелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
— Бұрынғыдай тек бір ғана жалпы балл болмайды. Нәтиже бірнеше модуль бойынша көрсетіледі. Жобаны келесі жылы пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз, — деді министр.
Саясат Нұрбек өзгерістер кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өтті.
— Ешқандай күрт өзгеріс болмайды. Талапкерлер үшін тосын немесе шұғыл жаңалықтар болмайды, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында ғылыми жетістіктер көрсеткішін өңір әкімдерінің рейтингіне қосу қажеттігі айтылған еді.