Жаңа оқу жылының басталуына бір ай уақыт қалды. Университеттердің көбі оқу ақысын бекітті, ал талапкерлер тек таңдау жасаса болғаны. Бірі мемлекеттік грант нәтижесін күтсе, енді бірі ақылы оқуға әзірлікті бастады. Оқу ақысы қанша? Әр отбасында ең маңызды сұрақ осы.
Жоғары оқу орындарында ортақ баға бекітілмеген. Бағаға тек қалалардың қайда орналасқанына емес, жоғары оқу орындарының білім бағдарламасы тікелей әсер етеді. Бір университеттің өзінде оқу ақысындағы айырмашылық жүздеген мыңға, кейде миллионға жетеді. Кейбірінде бір жылға нақты баға бекітсе, кейбірі кредит санына қарай есептейді. Медициналық оқу орнында төлем студенттің курсына қарай өзгереді.
Біз тамыз айының басында ұсынылған бағаны салыстырдық. Мектеп бітірген түлектер күздізгі оқу бөліміне қанша төлейді?
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Мектеп бітірген түлектер ҚазҰУ-ге түссе жылына 1,1 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін төлейді. Журналистика, тарих, география, химия мен өзге де техникалық бағдарлама саласын таңдағандар 1,1 млн теңге, биология, шығыстану мен филология мамандығына түсетіндер 1,2 млн теңге, ал денсаулық сақтау саласының оқу бағдарламасын құп көрсе 1,3 млн теңге ақы есептеледі. Ақпараттық қауіпсіздік факультеті — 1,4 млн, есептеу инженериясы бағдарламасы — 1,5 млн теңге. Жалпы медицина, стоматология мен Жоғары экономика және бизнес мектебі бағдарламасына түсу ақысы — 1,6 млн, құқық — 1,9 млн теңге.
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
ЕҰУ оқу ақысы тоғыз бөлікке бөлініп есептелген. Ең қолжетімдісі педагогикалық ғылымдары бағытында. Оқу ақысы — 1,6 млн теңге. Әлеуметтік ғылымдар, журналистика, жаратылыстану ғылымдары, математика, статистика және инженерлік, өндірістік және құрылыс саласының оқу ақысы — 1,75 млн. Өнер және гуманитарлық ғылымдар — 1,8 млн, қызмет көрсету саласы — 1,85 млн. Халықаралық қатынастар, бизнес, басқару, құқық және ақпараттық-коммуникациялық технология жылына — 1,9 млн теңге.
Satbayev University
Satbayev University-де оқу ақысы жылына 1 — 1,3 млн теңге. Ең арзаны биология, жер ғылымдары, су ресурстары, менеджмент, экономика және қаржы мамандықтары. Одан кейін геология, тау-кен ісі, металлургия мен құрылыс мамандығына арналған оқу ақысы — 1,2 млн тг. Ал ІТ, ақпараттық қауіпсіздік, коммуникациялық технология, электроэнергетика, автоматтандыру және әуе көлігі бағдарламаларының оқу ақысы — 1,3 млн теңге.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Abai University-де жылдық оқу ақысы 990 мың теңгеден басталып, 1,25 млн теңгеге дейін барады. Көбіне педагогика саласын таңдағандар 990 мың теңге төлейді. Ал дене шынықтыру, қазақ тілі мен әдебиеті, сонымен бірге әлеуметтану, психология, халықаралық қатынастар, құқық, жаратылыстану ғылымдары мен туризм саласы мамандығының оқу ақысы — 1,045 млн теңге. Тілді оқытуға арналған мамандықтардың кейбірі жылына — 1,1 млн. Ал ІТ, хореография, бейнелеу өнері, дизайн, тарих, аударма ісі мен филология мамандығы — 1,243 млн.
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ
Мектептен кейін оқуға түсетін талапкерлер үшін ҚазҰМУ-дағы білім беру бағдарламаларының оқу ақысы 600 мың теңгеден басталып, 2,1 миллион теңгеге жетті. Ең төмен оқу ақысы «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламасына тиесілі. «Менеджмент» мамандығында оқу құны — 905 800 теңге, «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» — 1 111 400 теңге, «Клиникалық психология» — 1 230 700 теңге. «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «Медициналық-профилактикалық ісі» бағдарламалары бойынша оқу ақысы — 1,25 миллион теңге. «Фармация» мамандығында оқу — 1,45 миллион теңге, «Педиатрия» — 1,6 миллион теңге, «Жалпы медицинада» — 1,9 миллион теңге. Ал университеттегі ең қымбат мамандық — «Стоматология». Бұл бағытта бір жылдық оқу ақысы 2,1 миллион теңге.
Narxoz University
Narxoz University-де бір кредиттің құны таңдалған білім беру бағдарламасына байланысты 45 700 теңгеден 52 555 теңгеге дейін өзгереді. Бір оқу жылындағы орташа академиялық жүктеме 62–70 кредит. Осы бағаларды негізге алып есептегенде оқу құны шамамен 2,8 миллион теңге, ал ең жоғары ақы 3,7 миллион теңге болады. Бұл шамамен берілген есеп. Университет жылдық оқу ақысының бірыңғай тарифін ашық дереккөздерде жарияламаған. Сондықтан нақты төленетін сома таңдалған бағдарламаға, бір кредиттің құнына және нақты оқу жоспарына байланысты болады. Осы себепті оқу ақысын өзіңіз таңдаған мамандық бойынша қабылдау комиссиясынан нақтылаған жөн.
Қарағанды медицина университеті
QMU-дың баға кестесінде білім беру бағдарламаларымен қатар әр курсқа арналған оқу ақысы да көрсетілген. Барлық мамандық бойынша оқу құны әр жаңа курста біртіндеп төмендейді. Бірінші курста оқу ақысы 820 мың теңгеден 1,84 миллион теңгеге дейін белгіленген. «Биомедицина» және «IT-медицина» мамандықтарының оқу құны — 820 мың теңге. «Педиатрия», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Мейіргер ісі» және «Фармация» бағдарламалары бойынша оқу ақысы — 1,4 миллион теңге. «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығында оқу — 1,5 миллион теңге, ал «Жалпы медицина» бағдарламасында — 1,55 миллион теңге. Ең жоғары оқу ақысы «Стоматология» мамандығына белгіленген. Бірінші курста ол 1,84 миллион теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, екінші және үшінші курста болашақ стоматологтар 1,76 миллион теңгеден төлейді, төртінші курста 1,49 миллион теңге, ал бесінші және алтыншы курстарда оқу ақысы 1,43 миллион теңгеге болады. Осындай кезең-кезеңімен арзандау қағидаты университеттің барлық білім беру бағдарламасына қолданылады.
Astana IT University
Astana IT University-де бакалавриаттың барлық бағдарламасына бірыңғай оқу ақысы белгіленген. Жылына — 2,5 миллион теңге. Бұл тариф «Бағдарламалық инженерия», «Компьютерлік ғылымдар», «Үлкен деректерді талдау», «Киберқауіпсіздік», «Интеллектуалды жүйелер» және «Электрондық инженерия» бағдарламаларына бірдей қолданылады. Сондай-ақ бұл тізімге «IT-менеджмент», «IT-кәсіпкерлік», «AI Business», «Медиатехнологиялар», «Цифрлық журналистика» және «Цифрлық мемлекеттік басқару» мамандықтары кіреді. Университет бакалавриатта оқу мерзімі үш жыл екенін көрсеткен. Сонымен қатар оқу шарты жасалғаннан кейін келісімшарттағы баға өзгермейді.
Maqsut Narikbayev University
Maqsut Narikbayev University-дің қабылдау парақшасында бір кредиттің құны 55 мың теңге, ал жылдық оқу жүктемесі 60 кредит екені көрсетілген. Осыған сәйкес студент үшін бір оқу жылының құны шамамен 3,3 миллион теңге болады. Бұл тариф төрт жылдық бағдарламалардың басым бөлігіне қолданылады. Олардың қатарында аударма ісі, психология, журналистика, бизнес бағыттары, құқықтану, жасанды интеллект және туризм бар.
Ал 2026–2027 оқу жылына арналған бекітілген тізілімде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бір кредиттің құны 65 мың теңге деп көрсетілген. Яғни бұл бағдарлама бойынша 60 кредиттің есептік құны шамамен 3,9 миллион теңге болады. Дегенмен мамандықтың нақты оқу ақысын қабылдау комиссиясынан нақтылау қажет.
Miras University
Miras University-дің қолданыстағы баға кестесіне сәйкес бакалавриаттың барлық білім беру бағдарламасы бойынша оқу ақысы жылына 600 мың теңге болып белгіленген. Бір кредиттің құны — 10 мың теңге, ал орташа жылдық оқу жүктемесі — 60 кредит. Жылдық оқу ақысының жалпы сомасы университеттің ресми парақшасында да көрсетілген. Бірыңғай тариф педагогика және психология, мұғалімдерді даярлау, өнер, журналистика, бизнес және басқару, құқық, IT, телекоммуникация және қызмет көрсету саласындағы барлық бакалавриат бағдарламасына қолданылады.
Еске салайық, ҰБТ тапсырған 233 мың талапкердің 177 мыңы шекті балл жинады.
Кейінгі бес жылда білім гранттарының саны шамамен 30 мыңға артты.