Қазақстанда тасқын су жүру жағдайы тұрақты - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда тасқын су жүру жағдайы тұрақты. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

«Биыл бізде тасқын су жүру жағдайы айтарлықтай тұрақты. Бізді барынша алаңдатып келген Сырдарияда қазір сең жүрудің алғашқы шебі Жосалыдан өтті. Онда инженерлік- гидромелиоративті құрылыстар саны айтарлықтай көп емес және мұздың жүру қаупі де аз, қалған учаскелерде су деңгейі айтарлықтай көтерілмейді. Яғни су басу қаупі жоқ деуге болады», - деді министр.

В.Божконың айтуынша, биыл тасқын судың кедергісіз өтуі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Көксарай су тоспасының арқасында мүмкін болды. «Қазір онда 1,5 млрд. текше метр су жиналды. Жиналған су төменгі аумақтарға, тіпті Қызылордаға проблемалар туындатуы мүмкін еді», - деп анықтады ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, Шығыс Қазақстан облысында да үрейленуге негіз жоқ. Дегенмен аймақ ТЖМ-ның күшті бақылауына алынды. «Барлығы ауа райы жағдайына байланысты. Кейбір жерлерде жекелеген ғимараттарды су басу мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз», - деп түйіндеді ведомство басшысы.