Қазақстанда тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесі 63 пайыздан асты - Н.Сауранбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы үш жыл ішінде Қазақстанда тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесі айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Бұл жайында бүгін «Ұлттық бренд-2014» жергілікті қамтуды дамыту мәселелеріне арналған республикалық көрме-форумда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.

«Соңғы үш жылдың ішінде мониторинг нысандарының жалпы сатып алу көлемі 31 трлн. теңгені құрады. Оның ішінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің отандық жеткізушілерінің үлесі шамамен 17 трлн. теңгеге жуықтады. Бұл - өте үлкен сома», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, пайыздық мәнде жергілікті қамту 2010 жылғы 48,2 пайыздан 2013 жылы 63,3 пайызға дейін өскен.

Н.Сауранбаевтың атап өтуінше, жергілікті қамтуды дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында «жеңілдік шарттары», «ұзақмерзімді келісімшарт» сынды шамамен 100 тетік әзірленген.