Құжатқа сәйкес, енді тауарларды міндетті таңбалауға енгізу кезінде балдық бағалау жүйесі қолданылады. Бағалау екі кезең бойынша жүргізіледі: алдымен әр өлшемге арнайы коэффициент негізінде балл беріледі, кейін барлық ұпай бойынша қорытынды ұпай есептеледі.
Жиналған ұпайға қарай тауарлардың деңгейі анықталады:
* 45–85 балл — жоғары деңгей;
* 15–40 балл — орташа деңгей;
* 0–10 балл — төмен деңгей.
Жоғары және орташа деңгейге енген тауарлар міндетті таңбалауға жататын өнімдер тізіміне енгізіледі.
Құжаттағы негізгі өлшемдердің бірі — Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде міндетті таңбалаудың болуы. Егер тауар ЕАЭО елдеріндегі таңбаланатын өнімдер тізіміне енгізілсе немесе мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес таңбалануға жатса, бұл талапқа сай деп есептеледі.
Сонымен қатар көлеңкелі экономиканың деңгейі де ескеріледі. Ол импорт пен экспорт статистикасын салыстыру арқылы бағаланады. Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы мен Қаржы министрлігінің деректері пайдаланылады.
Бағалау кезінде өнімнің акциздік тауарға жататыны, тұтынушылық қаптамасы мен тауар жапсырмасының болуы, сондай-ақ өндірісті мемлекеттік қолдау шаралары да назарға алынады.
Бұдан бөлек, тауардың қоғамдық, экономикалық және экологиялық қауіпсіздікке ықпалы, таңбалау жүйесін енгізудің халықаралық тәжірибеге сәйкестігі және бизнес шығындары есепке алынады.
Осы талаптардың қорытындысы бойынша жекелеген тауар топтарына таңбалау енгізудің орындылығы туралы шешім қабылданады.
Бұйрық 2026 жылғы 5 маусымнан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі мен оны енгізу мерзімдерін реттейтін бұрынғы құжаттың күшін жою туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарған еді.