Қазақстанда тәулік сайын мыңнан астам сәби дүниеге келеді - ҚР ДСӘДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тәулік сайын мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мәлім етті.

«Біздің елімізде күн сайын 1 мыңнан астам, ал жылына 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Бұл қуанарлық жайт. Өйткені, демографиялық ахуал оң саналады. Туу көрсеткішінің өсімі аясында өлім-жітім төмендеп отыр», - деді департамент басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 1 жылдың ішінде елімізде бала туу көрсеткіші 25 пайызға өсті. Бұған қоса, шала туған балалардың өмірге бейімделу көрсеткіші де жылдан-жылға артып келеді. «Егер 5 жылдың ішінде салмағы 1500 граммдық сәбилердің тірі қалу көрсеткіші 30 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрап отыр. 2008 жылы шала туған балалардың тек 40 пайызы ғана тірі қалатын», - деді М.Ембергенова. Департамент директорының айтуынша, елімізде шала туған сәбилердің алғашқы 7 күннің ішінде шетінеу көрсеткіші де 2,5 есеге төмендеген. «Бұл ең үздік көрсеткіш. Яғни, біз сәбилерді қорғай аламыз, бағып-күте аламыз. Нәтижесінде бізде ана өлімі - 3 есеге, сәбилердің шетінеуі - 1,6 есеге қысқарды», - деді ол.