«Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, өткен аптаның қорытындысына сәйкес, елімізде газ өндіру көлемі де 17,6 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш тәулігіне 122,5 млн. текше метр газды құрады. «Соңғы тәуліктерде өнім өндіру көлемінің артуы барлық дерлік өндіруші компанияларда белгіленді», - делінген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, келтірілген деректерге қарағанда 2016 жылдың қыркүйек айында Қазақстаннан экспортталған мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 453,8 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылғы тамыз айына қарағанда 1,8 пайызға төмен. Сондай-ақ, қыркүйек айында елімізден экспортталған мазут 9,6 пайызға азайған. Керісінше, сұйытылған газ экспорты 16,3 пайызға жоғарылады.
«Айта кетейік, Қашаған кен орнынан өндірілген экспорттық мұнайдың алғашқы партиясы Каспий құбыр желісі консорциумының жүйесіне 14 қазаннан бастап жеткізіле бастады. Бұдан бөлек, «ҚазТрансОйл» АҚ құбыр желісі жүйесіне 18,8 мың тонна экспорттық мұнай құйылған. Ал «ИнтергазОрталықАзия» АҚ магистральдық жүйесіне 22,8 млн. текше метр тауарлы газ бағытталды», - деп жазылған баспасөз хабарлмасында.