Қазақстанда тегін заң көмегін көрсету тәртібіне өзгерістер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 24 қыркүйектегі Әділет министрінің бұйрығына сәйкес, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге және құқықтық кеңес беру, қорғау, өкілдік ету мен татуластыру рәсімдеріне байланысты шығындарды өтеу мөлшері қайта қаралды.
Атап айтқанда, қорғалуға құқығы бар куәгер мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін алу құқығына ие тұлғалар тізіміне енгізілді. Енді адвокаттар бұл санаттағы адамдарға көмек көрсеткені үшін мемлекеттен өтемақы ала алады.
Тегін заң көмегінің шеңберінде келесі қызмет түрлері қарастырылған:
• қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда өтініштер, арыздар, процестік келісімдер мен медиация тәртібімен татуласу туралы келісімдер жасау (коррупциялық және мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы өзге де қылмыстық істерден басқа);
• анықтаушы, тергеуші, прокурор мен соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық және басқа да шағымдарға қарсы өтініштер мен шағымдар жасау;
• азаматтық талапкермен, азаматтық жауапкермен медиация немесе партисипативтік тәртіппен дауды реттеу туралы келісімдер жасау;
• аса ауыр қылмыс жасаған күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе сондай қылмыстан жәбірленуші деп танылған адамның немесе қорғау құқығына ие куәнің мүддесін қорғауға арналған азаматтық талапқа жауап дайындау.
Аталған бұйрық 2025 жылғы 7 қазаннан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына өзгерістер енгізілгенін жазғанбыз.