Қазақстанда техникалық қарасора егісі жүргізілген жоқ – Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Өткен жылы Қазақстанда техникалық қарасораны өсіру мен өңдеуге заң жүзінде рұқсат берілген болатын. Алайда биыл техникалық қарасора егу жұмыстары жүргізілмегендіктен, 2026 жылы оның өнімі де болмайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Kazinform агенттігінің тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Фото: Алматы полициясы

Министрліктің түсіндіруінше, биыл Қазақстан аумағында техникалық қарасора өсірілмеген.

– Егіс жұмыстары жүргізілген жоқ. Осыған байланысты егіс алқаптары жоқ және 2026 жылы техникалық қарасора өнімі күтілмейді, – делінген министрліктің жауабында.

Сонымен қатар министрлік қазіргі уақытта жалпы құны шамамен 398,4 миллион АҚШ доллар болатын сегіз инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылғанын хабарлады. Бұл жобалардың жалпы өңдеу қуаты жылына 50 мың тонна қарасораны өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде аталған жобалар әртүрлі дайындық және іске асыру кезеңдерінде тұр.

Жобалар аясында целлюлоза мен қағаз өнімдерін, тоқыма материалдарын (талшық, котонин және иірілген жіп), медициналық және фармацевтикалық мақсаттағы өнімдерді, сондай-ақ құрылыс және композиттік материалдарды өндіру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл жобалардың іске асырылуы Қазақстанда қосылған құны жоғары техникалық қарасораны өңдейтін жаңа саланы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар целлюлоза мен тоқыма шикізаты импортына тәуелділікті азайтып, инвестициялар мен заманауи технологияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңделген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Министрлік сондай-ақ жобалар іске қосылғаннан кейін өнеркәсіптік мақсатта өсіруге рұқсат етілген техникалық қарасораның сұрыптары ғана пайдаланылатынын атап өтті.

Айта кетейік, Теміртау маңында жылыжайда өсірілген 125 түп қарасора анықталды.